Untitled Document

Сұхбат... Ахыретте көңіл амандығы талап етіледі

Мәулана Мұхаммед Әмин ауруға шалдығып, ауыр халге түскен еді. Бұл ауруы ұзақ уақытқа созылады. Дәрігердердің емінен пайда шықпады. Имам Раббани хазреттің (қуддиса сиррух) ұлылығы туралы естігенде, жалынып жалбарынған сөздермен хат жазып, шипа және дауа беретін дұғаларын сұрап, тәбәрік ретінде бір киімін жіберуін де өтініп сұрайды. Имам Раббани хазрет (қуддиса сиррух) оның өтінішіне рақым етіп бір хатпен тәбәрік ретінде бір көйлегін жібереді. Хатта былай жазылған еді:

«Қадірлі балам! Өз-өзіңе мейірімді ана секілді жаның ашып аласұруың қашанға дейін созылмақ? Өзің үшін қайғыруың, өзің үшін қиналуың қашанға дейін жалғасады? Өзіңді және барлық адамдарды өлі деп ойлап, сезімсіз, әрекетсіз деп білуің керек. «Әлбетте сен өлесің, ол кәпірлер де өледі...» (Зумар 30) деп бұйырған аят кәримада. Бұл бірнеше күндік дүние өмірінде көп зікір етіп, қалб (көңіл) ауруларынан құтылу өте маңызды іс. Бұл қысқа уақытта рухани аурулардың дәрісі, Аллаһу та’аланы еске алу болып табылады. Мақсаттардың ең үлкені болған қалб (көңіл) Аллаһтан басқаға байланған болса, одан қандай қайыр күтесің? Ахыретте қалб (көңіл) амандығы талап етіледі. Рухтың Аллаһтан басқа нәрселерден құтылғаны тараз басады. Біз секілді ой-өрісі тар болғандар үнемі рухымызды басқа нәрселерге байлау үшін себептер іздейміз. Обал! Обал! Амал қанша. Бір аятта «Аллаһ оларға зұлымдық етпейді, олар өздеріне зұлымдық етеді» (Али Имран 117) деп бұйырған. Сыртқы (денедегі) ауруларыңыз үшін алаңдамаңыз, иншаллаһ сауығып толығымен жазыласыз. Бұл пақырдан киім сұраған екенсіз. Бір көйлек жібердім. Киіп өте берекелі болған нәтижелерін күтіңіз. Аллаһ жолында жүргендерге сәлемдер болсын. Парсы өлең шумағының аудармасы:

Болмашы деп оқығанға ертегідей сезілер,

Қадірін түсінгенге қазына боп төгілер.